АВТОР ТУРАЛЫ

.  Нәбиден Әбуталиповтың «Сегіз Сері» деген кітабынан:

Алшын еліне аттанып бара жатқан Сегіз серіге жаны ашыған ел- жұрты батырдан ештеңе аямайды, жол азығын қамдап, оған қолдан келген көмегін береді, алдынан сәт- сапар тілейді. Ол сөйтіп Нияз сері екеуі Есіл бойынан патша өкіметі жендеттерінің қоршауынан аман –  есен құтылады да, сол өңірдегі Ыстап (Қантай керей Тұрыпберді байдың бір кезде саба ыстаған жері екен) деген мекендегі руы уақ Сапақ кедейдің қосына келіп ат басын тірейді. Елгезек сары жігіт Сапақ Сегізді танып, «батыр, не қызмет етейін» деп алдынан шығып, жік- жапар болады. Сегіз сері сонда тілалғыш Сапақты Қызылжарда Прохоров досының (Омбыдағы И. М. Прохоров ұстазының баласы) үйіндегі қысылтаяңда қалдырып кеткен өзінің жүйрік көкбесті аты мен ақбас атанын тез алып келуге жұмсайды. Сапақ Сегіздің ат –  түйесін төрт күнде алып келіп батырдан алғыс алады. (Нәбиден Әбуталипов, «Сегіз Сері»).

*** . Жиынның қалыңдай түсуінен қауіптенген Шамрай, қазақ-орыстың линиялық әскерінің штабы тұратын ЬІстапқа көтеріліс болу қаупін хабарлап, тығыз түрде қарулы жәрдем жіберуін өтінді. Штаб Шамрайға деген жолдап, тез арада Ыстаптан бір эскадрон, Көкшетаудан бір эскадрон жәрдем баратынын хабарлады.

Ордаға күн сайын шапқысы келетін Есенейді тоқтата беретін адам, бері салғанда бүкіл Керей мен Уақ, әрі салғанда Арғын мен Қыпшақ бедел көретін, Керейдің Алдай руынан шыққан Тоқсан би. Оны жұрт «тіл біткеннің шешені, сөз біткеннің алғыры» дейді екен. Тоқсанның әкесі – Жабай да, оның әкесі – Қара да атақты билер болған. Орта жүз Абылайды ақ кигізге отырғызып хан көтергенде, бір бұрышын Қара би ұстаған екен дейді. Оның жасы Абылайдан әлдеқайда үлкен екен. «Қара би қартайып, жағы түсіп отырған шақта Абылай сәлемдесе келіпті. Сонда Қараның жүгіріп жүрген немересі – Тоқсанға Абылай қолынан ет асатып, маңдайынан сипап бата берген екен», дейді. Сондықтан билік істерінде Тоқсан әкесі Жабайдан асып түскен екен дейді.  СӘБИТ МҰҚАНОВ. АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ.

Author Description