Бейкүнә, аңғал, қиялшыл, сенімпаз көңіл. ~ Алтыншы класта өзімен бірге оқитын, интернатта жататын жолдасы демалысқа қарсы Сайлаубекті аулына қонаққа шақырған. Бала көңілге бейтаныс нәрсенің бәрі ермек, бәрі қызық көрінеді ғой. С.См. ~ Өз шешесіндей бұларды таптаушылар да мықты болса керек. Бала көңіл біресе олай, біресе бұлай толқиды. К.Қаз. ~ Табан астынан ұзақ сапарға бекінген бала көңілін түн пердесін ысырып, мына тылсым, мылқау дүниені жарық сәулесімен оятқалы келе жатқан ай өсіріп жіберді. Н.Сер. ~ Даланы басқан аппақ қар күміс түсті дария секілді. Сол дарияның кез-келген тамшысы жылт-жылт етіп күнмен шағылысып тұрғандай. Қысты күнгі осы бір көрініс бір сәт бала көңілімді елітіп жіберіпті. К.Қаз.
