Posted in

БАЛ АШТЫ

а) Құмалақ не картамен не жұлдыздарға, алақанға, жауырын сүйекке т.т қарап біреудің алдын болжап, сәуегейлік қылу туралы. ~ Құсайынның балгер екенін білген соң гарнизонның бастығы жас жігіт қуанып ұстай алыпты: — Жақсы болды ғой, кәнеки, маған қазір бал ашып берші, — депті. С.Сей. ~ Сырласқаны көк аспан, Жұлдыз қарап, бал ашқан Тәуіп екені тағы бар. М.Жұм. ~ Жаңа туған айдың жатысына қарап, болашағын болжау хақында. ~ Жоқ. Əуелі мен сенің еркек екеніңді білгім келеді. Мен əлі-ақ білем… Тоғайға барған соң, – деп тісінен сыздықтатты да жаңа айға қарап бал ашып жатқан əйелдерге жүгіріп кетті. Ж.Айм. ~ Тер жапқан терезеден тағы да біреу сығалағандай болып еді. Келіншек тіксініп қалды. Жабықтан карта алып бал ашты. Қ.Ысқ. ~ Гүлсім басқалар сияқты қойдың құмалағымен бал ашпайды. Гүлсімдікі лобия. Ш.Мұр.
ә) Сырттан тон пішті, долбарлап айта салды; жорамал жасады. ~ Жаназаға жиылған жұрт о жер, бұ жерде топтанысып отырғанда, бұл оқиға жайынан неше түрлі бал ашып, аңыз қылысты. Ж.Айм. ~ Бұл сайлауыңа тұяқ қыбырлатқан қатынасым жоқ. Адасып, бал ашпай, жайыңа отыр! – деп тағы күлдi. М.Әу. ~ Өй, бүйтіп бал ашып бас ауыртқанша, шақыр анау Құнафия шалды. М.Қаб.