Posted in

БАҚАЙ (БАҚАЛ) ЕСЕП

Жеке басының мүддесін ғана көздейтін ой, қитұрқы жоспар, арам ой. ~ Орталық газеттерге интервьюлер бердi. Көр-жердi бықсытып, баспасөзде қаралайтын мақалалар ұйымдастырды. Көбi өсек-аяң. Дәлелденбеген күннiң өзiнде күдiк қалады деп, бақай есеппен жасалған көрбiлте зымияндық. Т.Сәу.~ Апырым-ай, осы жұрт көлденең көк аттыға сырын айтпайтын, аз сөзбен-ақ құйрығын ұстатпайтын бақай есепті қалай үйрене қояды екен? О.Сәр. ~ Бұл – асыра мақтау не бақай есеп шеңберіндегі желсіз, көлгірси көтермелеу де емес, керісінше болар елдің балаларына айдай анық ақиқат, кіреукесіз шындық, құдайлық сөз. Қ.Бегм. ~ Ал, Баймахан — қулық-сұмдықты, бақай есепті білмейтін, тап-таза баланың өзі емес пе. Алдындағы ақ қағаз қандай пәк болса, Баймахан да сондай кіршіксіз. Қ.Жұм. ~ Бұл жолы ерегесті, өйтпеді. Жаңағы бақай есеп әңгімеден кейін шайға шашалып қалар еді. М.Қаб. ~ Ту биедей толыса бастаған дене былқ- сылқ. Балық алуға келген бизнесмендердікі бықсыған бақай есеп. Қ.Жиен. . ~ Мен қойды колхоздың дәулеті, халықтың ризық,- несібесі, өз малым деп бағам. Пайда тауып, жан асырайын деген бақай есептен аулақпын, қарағым! Ө.Кәр. ~ Абай Тәкежанға сазара қарады. — Біле білсең, менің сенен бөлек үятым жоқ болар, Тәкежан. Сен үялтар іс қылсаң, мен ұялмай аман қалар дегенге итім сенер ме! Сені ұялтып, соған мен семіреді деген бақал есепті қашан қоясыңдар осы, түге!?- деп, Қаражан мен Әзімбайға да суық қарады. М.Әу.