Кір-қожалақ, нас адамның кірі туралы. ~ Мейлі! Түнде бет – аузыңды ит жалап кетеді. — Неге жалайды? — Өйткені, бетіңнің кірі бес елі. Тура бес ит тойғандай! Қ.Ысқ. ~ Мынаны суға шомылдыршы. Бетінің кіріне бес ит тойғандай, – деп салды. Сарының көз алдына жон теріңді сылып түсе жаздайтын жөке мен борпылдаған, ыстық топырақты күмпілдетудің арқасында түсі өзгеріп кеткен аяқтың күсін ашытып ысатын ақ тас елестеген. Зыта жөнелмек болып еді, анасының әлеуетті қолы білезігін жібермеді. С.Әб. ~ Әне, Ақан ағаң не деп отыр. — Бар, бетіңді жуып кел, ой, нақұрыс! — Үсті-басыңды қарашы, cay тамтық жоқ, күлге аунағанбысың?! — Бет-аузыңа бес ит тойғандай, бар, кет қасымнан! С.Жүн.
