Posted in

БЕТКЕ ҰСТАРЫ

А) Бүкіл бір әулет, ру, ел мақтан тұтар, сүйеніш көрер адам туралы. ~ Майлыбайдың үлкен ұлы көтеріліп қалды:— Е, бар болғыр, бар бол, — деді Өтепке шын ризашылықпен. Ауылының бетке ұстар пысығы болса керек, Өтеп бір қияқ мұртты кісіні асыра мақтады: Даңқы елден ары асқан, Парқы көкпен таласқан. Елдің көркі Ерболдай Ағалармен жарасқан, — деді. Б.Мом. ~ Әмендей ұя бұзбас момын ағайын бар. Және соның сыртында Әмен шерудің бетке ұстар адамы — Керімбекпен аталас ағайын. Ж.Ахм. ~ Оқшауырақ тігілген отау үйде ауылдың бетке ұстар қыздары ханшаның нөкерлерінше жиылып, Ақтоқтыны киіндіру қамында еді. С.Жүн.
Ә) Беделді, білікті, жақсы, айбынды адам. ~ «Сен ауданның бетке ұстар адамының бірісің. Сені жаманатқа қалдыруға болмайды. Біле білсең бұл саясат» деді маған. Т.Ахт. ~ Исі орта жүздің бетке ұстары жиналған осы аста келушілердің құрметіне бір ыңғай ақбоздармен, алкүреңдермен немесе мақпал қара жорғалармен топ-топқа бөлінген жігіттер сабылып жүріп, салтанатпен табақ тартыпты. Ғ.Біл. ~ Дәу қара атының сауырынан аунап түстi. – Қайт қане! – деп, күркiредi ол тағы да. Бетке ұстар мықтылары ат сауырынан аунап түскен соң және тосқауылда тұрған көп аттыны көрген соң жылқышлар тiзгiндерiн тежеген. К.Сег.