Posted in

БЕТІНЕ ҚАРАЙ АЛМАДЫ

а). Ұялғаннан жерге кіре жаздады. ~ Әліқұлдың жесірін қарақалпақ тартып әкетті деген атағы жаман ғой. — Айбастың арқасы қызып отыр. — Онан соң жұрттың бетіне қарай алмаспыз… З.Шүк. ~ Осы жұлып шыққан құлғанадай қуалаған пәлелердің қылығынан көпке дейін ел бетіне қарай алмай, бетім күйіп жүрдім. Б.Қыд. ~ Асқар екі сөзге келе алмады, бір жаққа жұмсалған балаша қалбалақтап орнынан тұрып, ешкімнің бетіне қарай алмай, бұрынғы кербез жүрісіне ұқсамайтын басқа бір жүріспен есікке қарай жорғалай жөнелді. Т.Әбд. ~ Сонан қашан әкесі көз жұмғанша, бұл оның бетіне қарай алмай, ұяттан беті күйіп жүрген-ді. Ә.Нұрп.
ә) Тайсалды, жасқанды, батылы жетпеді. ~ Осы ауданнан адам келсе бетіне қарай алмаушы ек, мынауың бір кішіпейіл ғажап адам ғой, — деді Сағидолла риза болып. Т.Әбд. ~ Ұры-қары түнде жатар алдында «А, құдай, Есенейдің қолына түсіре көрме!» деп дұға қылады екен деген аңыз да құлағында болатын. Сондықтан ол манадан бері Есенейдің бетіне қарай алмай отырған. Ғ.Мүс. ~ Мана күндіз көген қасына барып еді, Ерғазының бетіне қарай алмады, бәтшағардың көзі не деген сұсты еді, ызбарланғаны сонша, тіпті жеп жібере жаздады ғой. К.Қаз.