Posted in

БЕТІҢ БАР, ЖҮЗІҢ БАР ДЕМЕЙДІ (ДЕМЕДІ)

Біреудің көңіліне қарамай ойын бетке айтып салатын адам туралы. ~ Мен оған бетің бар, жүзің бар демей: «Сен оңшылсың, байшылсың, біздің ішімізде жүрген жегі құртсың!» – дедім. Б.Майл. ~ Бұлар бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлеген кемпірдің сөзіне қаралай өздері ыңғайсызданып есік алдында отырғанға жалтақтай қарайды. О.Көшб. ~ Ал Елтай тура. Бетің бар, жүзің бар демей, айтып-айтып тастаса, әлгілер оны мойындағанмен, бәрібір бұл бұрыс сөйлегендей аңтарылып қалады. М.Қаб. ~ Ал орыс Оспан дейтіні мінезіне қарай қойылған болу керек. Көңіліне жақпаған нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей жарып салатын тік мінез. С.Жүн.

Көңіліне келеді демеді; ойындағысын ештеңеден қаймықпай айтып салды. ~ Осы өтпейтін дүниені өршеленіп неге жаза бересіз? — деді Руфь беті-жүзің бар демей.— Әлде сіз күн көру үшін, тамақ асырау үшін жазып жүрген жоқсыз ба? Дж.Лон. ~ Мына маңайдың шөбін жинауға бір тракторшы бала келді. Өзі де бір жұмысы өнбейтін, жалқау неме екен. Бір күн жүрсе, екі күн тұрады. Сол шіркінмен бетің бар, жүзің бар демей ыржақтассын келіп. Қ.Қаз. ~ Небір жең ұшынан жалғасқан жымысқыларға, пайдакүнемдікке, парақорлыққа, рушылдыққа, қысқасы, әділетсіздік атаулыға төзе алмады. Бетің бар, жүзің бар демеді. Поэзияның өткір жебесін дәл көздеп, соған жолдады. Қызыл жебе нысанаға дөп тиіп жатты. Т. Мол.