Posted in

БОЙ (БОЙЫН) КЕРНЕДІ

Әлдебір сезім бүкіл жан-тәнін билеп алды; тұла бойын тебірентіп, сыртқа лықсыған әлдебір сезім туралы. ~ Үш күннен бері бойын кернеген ыза қазір тамағына жиылып тастай тығылып, алқымдап келеді. Кейде ащы суық жастай боп көзіне жетпей, көмейінен іркіле қайтып, у тамшысындай жұтыла-жұтыла келе жатқан сияқты. Соңғы күндердің ызасы қат-қабат. М.Әу. ~ Міне, бүгінгі оңаша сөзге алып шығуы да сондықтан. Әлгінде жұрт көзінше сыр білдірмей, бойын кернеген бар ашу-ызасын сыртқа енді шығарып келе жатуы да сенгендіктің белгісі. С.Мұр. ~ Әңгiменi неден бастаудың жөнiн таппады. Ал, Жапардың бойын кернеген ашу қайтар емес, дегенмен, онысы өзiне уақыт өткен сайын өкпеге ұласып бара жатқандай көрiндi. Ә.Ыб. ~ Шеге ішіне су сорғалаған жейдесін сілкілеп еңкейіп тұр. Үнсіз. Ашу да жоқ тұла бойын кернеп аласұрған. Тырс-тырс… еденге тамған тамшы тырс – тырс… тырс-тырс… С.~ Бiрте–бiрте осы соңғы тұжырым басым келе бердi. От тiлдi, орақ ауыздының қандайынан да өзiн кем санамайтын Есет, қазiр табанына тас, маңдайына қыш басылғандай. Тұла бойын кернеген ашу–ыза тұншықтырды. Намысты жiгiттiң мына бiр сор қаққанда қанын, соққанда сөлiн алғандай қинады. Р.Рай. * Махаббат жағалауы сол болатын. Бір- бірімен қауышып, біріне- бірі толайым беріліп, сүйісер сол жағаға екеуі де аласұрып, жойқын сезім бой кернеп, керемет күшпен арындап ағып келе жатыр еді ғой. Ш.Айт. ~ Сәргелдің көзі даяшыда – Мәлике – Бағила аралығында алақтап не айтарын білмей қалды. Намыс пен ашу бойын кернеп, шеке тамырлары бүлк–бүлк соқты. Д.Ис.