Posted in

БЫҚБЫРТ (БЫҚПЫРТ) ТИГЕНДЕЙ (БЫҚБЫРТТАЙ ТИДІ)

Жау тигендей болды, қырып-жойды. ~ Бұл не сұмдық?! Кеше ғана жаңағылардың көбі жеке автономияны, ұлттық тәуелсіздікті көксеген жоқ па еді?.. Ал бүгін… «Қазақ», «ұлт» деген сөздерден қорқып, бәрі бықбырт тигендей қаша жөнелді!.. Өстіп те ел бола аламыз ба, жұрт бола аламыз ба?! І.Ес. ~ Жалмұқан: «Өз елім, өз жерімде бүй­тіп қор болғанша!» деп қарашекпенділердің жатқан екі-үш деревнясына жалғыз өзі барып, жігіт­терін аттың бауырына алып, бықбырт тигендей қиратып салып, жылқыларды аман-есен шұрқы­ратып, айдап әкеледі. І.Жақ. ~ Немере түгіл анау ет – бауыр Настядан не тауқымет көрді? Енді мынау албасты да бір нәрсеге шатасып, түбі абұйырсыз қалып жүрмесе неғылсын… “қоламтадан
табылған құнсыз бақыр едің… кіндігінен азған тексіз мұндар!..” Қарадай немересіне ашуланып, екеуін де бықбырт тигендей таяқтап қуып шыққысы келді. Қ.Ысқ. ~ Биыл қыстай Мезгіл, Шалқар, Жыланды болысындағы атығай-қарауыл елі ішінде тебіндегі жылқы малына бықбырттай тиген құйрығы бір тұтам шолақ қасқыр аңызға айналды. С.Жүн.

Жаудай шауып, есін кетірді, тоз-тозын шығарды. * Екеуі сан көбейту үшін атқосшы қып үнсіз жігіт Сәлменді ертіп апты. Атшабар мен ауылнай келе бере шеткі үйлерден бастап, бықпырт тигендей қыла жөнелді. М.Әу. * Февраль, март айлары жұрттың бықпырт тигендей қырылған кезеңі болды. Б.Қыд. ~ Тағы да бір- екі кесе ішкісі бар- ды, бірақ үндеген жоқ, үндесе үдетіп алатынын ойлады; ал әйелі барып тұрған көк пері екенін біледі; ал әйелі шынында бір ашуға мініп долданса , айын аспаннан келтіріп, балашағасымен қоса бықпырт тигендей айдап шығарына кәнік- ті, бастан талай- талай өткен сыралғы оқиғалар. О.Бөк.. ~ Сөйткенше, қалтарыстан сау етіп төрт-бес түйеге жүк артқан көш, іле мылтық асынған төрт-бес қызыл әскер шыға келді. Әйелдер бықпырт тигендей шуылдап үйді-үйіне қашты.
С.Ел. ~ Ауылдың әйелдерін бір шыбықпен айдап, бықпырт тигендей қылды. Әсіресе, олақ қатындардың жазасын мықтап берді, көбінің тігіншілікке сауатын ашты. К.Қаз. * Қарадай немересіне ашуланып, екеуін де бықбырт тигендей таяқтап қуып шыққысы келді. Қ.Ысқ. ~ …і қаңлы Бөгдіземеннің есі шықты, ақсақалды әкеңе Арызға қан құстырды, бауырың Қиянсалжұқ өті жарылып өлді, құдіретті Оғыз билерін бықпырт тигендей қылды. Талайының басын жұтты. Ғ.Біл.