Posted in

БІР ЕЛІ

а) Дәстүрлі өлшем, бір саусақтың қалыңдығындай. ~ Терімен тері болып қалған түйенің көңі қол күшіне көнбейді. Құтылу үшін пышақ керек. Ал құлдың қолына пышақ ұстатпайды. Қалыңдығы бір елі түйенің көгіне саусақ батпайды… З.Шүк. ~ Есіл тасығанда арнасы толып қалған қара су, сол кемерінен ала жаздай бір елі төмен түспейді. С.Мұқ.
ә) Титтей де. ~ Қосшы жігіттің шынанда да жаны жоқ шығар. Үш күн бойы бір елі ажырамап еді, міне, тағы да қасында жүр бәйек болып. Т.Сәу.
б) Қап-қалың. ~ Менің бәтіңкем болса, ФЗО берген былғарысының қалыңдығы бір елі, аяққа да сондай жайлы, су жаңа мынау деген жұмыскер бәтіңке еді. Б.Соқ. ~ … ал құмда семірген малдың майы сүрленген майдай көкпеңбек боп, бір жапырағын жесең жүрегіңе шық етіп тие қалады, сиыры мен қойының сүтіне, қалыңдығы бір елі қаймақ тұрады, бірер аяғын ішсең, қымызы түгіл айраны да мас қылып ұйықтатып тастайды… Расында да солай екен!.. С.Мұқ. ~ Енді, міне, дел-сал болып, өзімді өзім әрең сүйреп келе жатырмын. Аяққа қонған шаңды қарашы, бір елі. Шіркін-ай, осы бойда барып, күмп етіп өзенге қойып кетер ме еді. Б.Соқ.