Жанды жегідей жеген қайғы; жазылмас күйік; іште тынған уайым. * Ақбілегін жақсы көргені, аяғаны, қызғанғаны, өкінгені, жиренгені, қорланғаны бәрі араласып, ақсақалдың жүрегіне зіл қара тастай бір бітеу жара пайда болған еді? Ж.Айм. ~ Не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады. М.Жұм. * Көңіл білдірмеді, бітеу жара болды да қойды. Күнікейдің үндемегенін апасы көнгенге жорыды. Ж.Айм. * Ол жазғанның қайғысы да, қуанышы да сырттай байқалмайтын бітеу жара болғанымен, басқаға сыр бермейін демейді. Т.Рыс. * Қасапқа көгенделгендей ұсталып жатқандардың обал-сауабы кімнің мойнында? Бітеу жара боп, іштен тынғанша, ақтарылып, арылып алайын дедім. Т.Рыс.
