Posted in

БӨРІНІҢ (ШИЕБӨРІНІҢ ) КӨТІНДЕЙ (АРТЫНДАЙ) ШУЛАДЫ

Айналасын у-шу, азан-қазан қылды, беталды шулап кетті. ~ Оқушыларын мен отырғасын ғана тыныш отырған шығар, болмаса бөрінің артындай шулайды-ау деп қалдым… Н.Сер. ~ Есалаң ба өзі, ішіп алған ба? Аты-жөнін сұрасаң қыр-қыр етеді. Сендер де бір жағынан бөрінің көтіндей шулап. Дым естімедім. Әлгі көкезу рефоматорсымақ Жиынбекті сұрайды, оның қай қамына керек бола қалғанын итім білсін! К.Хамз. ~ Ия, Алла, тоқтадым, – дедім ғой… – Тыйылдым! Қойдым осымен! Көктегі Өзің түгілі, жердегі үкіметтің бүкіл кәзит-жорналдары да бөрінің көтіндей шулап, жарыса жазып жатыр ғой: «Ұрыларға тыйым бола ма?». «Мал иелері жүген ұстап қалды!».. тағысын тағы деп. АҚ “Қарадөң…” ~ Сүлеймен де бұдан бейхабар. Әлден даурығып, бөрінің артынша шуылдасаңдар, ертең ел жеткізбесе жел жеткізеді. Ал, қылша мойным талша деп, тілдеріңді тістеп, өлімге кессе де, сырыңды көрге бірге ала кетсең тәуекел! С.Жүн. ~ Ей, тәйт, түге! Шиебөрінің артындай шуылдамай қарыс! – деп ақсақалдардың ақсақалы ақырып қалды. – Сонымен, Раймалы, айтарыңды айтып болдың ба? Ш.Айт.