Posted in

ЕРІ МОЙНЫНА КЕТТІ

Жүдеді, күйзелді, кедейленді, арып-тозды. ~ Біз шаруа жүзінде мұқтаждыққа қалдық. Оның үстіне жұт, ығын-шығын ерімізді мойнымызға кетірді. І.Жанс. ~ Елім – еңіреулі көрінді, ерім – езулеулі көрінді. Өзім ерттеулі секілдімін… Бәрі де өзгергендей, бір қарасам; бәрі де өзгермегендей, бір қарасам… Елдің ері мойнына кеткендей. А.Алт.* Бірі өлді, бірі қартайды… Қалған билердің түрі әне, ішіне шынашақ айналмайды. Бұлар
бүтіндеуші емес, өзі ері мойнына кетіп жүрген сормаңдай елді тоздырушылар ғой… З.Шүк. * «Сырлы аяқтың сыры кетсе де,
сыны кетпей» кең кеуде, керме иық қалған. Ет кетіп, епсектілік жайына қалып, ері мойнына кетіп тұр. «Жыласа кімнің аузы
қисаймайды». Б.Қыд. * Ері мойнына кеткен екі-үш шідерлі ат оттауға қарай шоқаңдап барады. І.Ес. * Нұрәлі шынында да,
бұрынғы жалы күдірейген Нұрәлі емес. Ері мойнына түсіп кеткен. Үй ішінде де береке шамалы тәрізді. Күзде қарт әкесі өлген.
Б.Соқп. ~ …Құдай бiр айналдырса, келекесiне ұшыраған басты шыр айналдырады екен. Сона-а-ау жылдан тiрлiгiнiң кетеуi
кетiп, ерi мойнына итiне бередi. Ә.Ыб. * Кеңес есімді баланы “қытай” деуші еді, о шіркін де қатынымен бір ажырасып, бір
қосылып жүр деп естимін ері мойнына кетіп…” Д.Досж. ~ Ерім мойныма кетіп, есім екеу, түсім төртеу болып жүйкем
жұқарып жүрген сол бір кезде де Совет өкіметін нығайту ісіндегі жұмысымды мүлт жібермей атқардым деп жүрдім. Олай бос
көмей айтатын себебім мен ауатком төрағасы болып тұрғанда да мықтадым деп жүрдім ғой. Б.Қыд.