Көз жетерге дейін көсіліп жатқан ұшы-қиыры жоқ елсіз дала, құлазыған ми дала; елсіз жапан дала. ~ Иттің үргені естілмейді; өзенде сылдырамайды. Жапан түз. Тым- тырыс. Елеусіз жел әнтек ескендей… Ж.Айм. ~ «Қалқайып шаруаның шетiнде жүрсем, бүйтiп адамға да, құдайға да керегiм болмай жапан түзде жалғыз үй қалар ма едiк. Т.Сәук. ~ Кеше қазық қағылған жапан түзде ертең совхоз деп аталатын үлкен ауыл бой түзеп шыға келеді. С.Дос. ~ Дастарқанға төгілген бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш қолданылмады! І.Ес. ~ Жау қолына түссе жабырқағанымен тірі қалатын еді. Жапан дүзде зарығып аштан өледі-ау деп арман етемін. ҚЕ. “Алтынасық…” ~ Қырға көшкен жылы Түгел тоғызға толып еді. Қыр өмірі басталды да кетті. Бұрын өзі жапан дүз деп ұғатын қырдың қызығы мен тамашасы таусылмас таңғажайып дүние екеніне көп ұзамай көзі жете бастады. Ү.Жәл.
