Posted in

ЖАРАСЫН ТЫРНАҒАНДАЙ БОЛДЫ (ТЫРНАДЫ)

Жанды жеріне тиді, жараға тұз сепкендей болды, біреудің жанына тиер әңгіме бастады. ~ Баяғы айрылғаннан Асқардың қайда екенін ол білмейтін еді. Ботагөзден сұрауға: «Аман бола қойса жақсы, егер жаман болса, баланын, жарасын тырнағандай болармын» деп қаймыққан еді. С.Мұқ. ~ Шөп басына ілінген шық, күн көзінен ұялғандай жер қойнына мөлдірей тамуда. Жан жарасын тырнағандай болған мөлдір тамшылар, мұның көз жасы іспетті. Ауылдан оқшау оқ бойы жерде қос қайың бар еді. А.Кең. ~ Өз баласына тура қарауға жүзі шыдамай, теріс айналған әке қасіретін сырқат үстінде жатып мылқау Ыбан ұқты. Қайтып дәрменсіз әкені мазаламады. Қолынан түк келмейтін сорлы әкенің жарасын тырнап, қайта қажамады. С.Жүн. ~ Меймандар әңгімені одан ары қаузап, онсызда қорланып, қажыған жанның жарасын тырнағысы келген жоқ. Т.Сәу. ~ Сондықтан да борандылықтар жаңа көшіп келген отбасын сұраққа алып, әуре етіп жатпады, онсыз да сордың сорасын сораптап ішкен бейшаралардың жарасын тырнап не қылады. Ш.Айт.