Тұрмысы нашар кедей-кепшік, жоқ-жітік. ~ Хан тұқымы, қарашыңа қай уақытта мейрімді болып ең сен? Шыңғыртып отырып тірідей терісін сойып алмайтын ба едің? Жарлы-жақыбайды, жоқ-жітікті, қорлық-зорлық кергенді есіркеу мінезі саған кімнен жұққан? С.Мұқ. ~ Сол жылы күллі Ресейде де осы жағдай еді. Нашарға теңдік болған жоқ. Тіпті ел ішіндегі жуандардың өз қолына өкімет тиген соң сол жылы жарлы-жақыбайларды жаншып жіберді. І.Жанс. ~ Төрт құбылам түгел еді. Бір мен емес, барлық жұрт шат-шадыман болатын. Жарлы-жақыбай бар, малшы-жалшы көп, бірақ аштан өлген қазақ жоқ еді… Жаңа өкімет жеңді, заман бұзыла бастады. М.Мағ. ~ Уақытша үкіметтің жар салып жария қылған жақсылығы қайда? Мына біз сияқты түбі жарымаған жарлы жақыбай көретін күн бар ма, жоқ па? Б.Тоғ.
