а) Тап беріп, алқымнан алды. ~ Сәт Ақназардың үстін қаққан болып, қолтығынан демеді. Ақназар тұра салып, жүгіріп барып қыли қараның жағасына жармасты. Б.Қыд. ~ Мынау! – дедi. Рольге берiлiп кеткенi соншалық, келесi сәтте шап берiп жағасына жармаса кеттi. – Дәл осының өзi! – Еркiне қоя берсе, қылқындырмақ ойы бар. Т.Сәу.
ә) Қарсы тұрды, шатақ шығарды, қастандыққа барды. ~
Демек, Адам бақытсыздығына кінәлі – Адам ғана. Жер бетін басып жүруге берілген 70-80 жылдық мұрсатын бейбіт еңбекпен тыныш өткізу орнына адамдар бір-бірінің жағасына жармасады. С.Елу. ~ Қылмыскердi үйiме паналата алмаймын. Аялап әлпештеген Отанның жағасына жармасқан опасыздар бұлар. Не жетпейдi екен десеңшi. Т.Сәу.
б) Жамандық ойлады, қастық қылды. ~ Расында да не айтып отыр: “Қарға қарғаның көзін шұқымайды” – керей жұртының сөлкебай таққан шонжарларына қол салған бұлар, ертең өз болысының да жағасына жармаспай ма? С.Жүн. ~ Сол қайырымдылық, тым ақ көңіл аңқылдақтық өзіне пәле болып жабысып, жағасына жармасты. Б.Қыд.
