Posted in

ЖЕРДІҢ ЖАРЫҒЫ БОЛСА КІРІП (ЕНІП, СҮҢГІП т.с.с.) КЕТЕР ЕМ

Қатты ұялып, арланды. ~ Кейде кісі көзінше–ақ жүз айналып, мың толғанатынын қайтерсің. Ондайда шыным, жердің жарығы болса соған кіріп кеткім келеді. Бірақ, қанша қысылғанмен ішім жек көрмейді. Н.Сер. ~ Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба әпкемнен сөгіс естісем – зор жаза. Одан да жердің жарығы болса, соған кіріп кеткен артық. Ш.Мұр. ~ Ақымақ, мұндай қорлыққа төзгенше жаңа қолында өлу керек еді ғой. Егер жердің жарығы болса кіріп өлген артық қой, бүйтіп жүргенше… С.Мұр. ~ Мына сөзден үймелеп тұрған өкіл, өкілсымақтар төмен қарап жердің жарығы болса – қазір–ақ еніп кетуге бейіл. Д.Дос. ~ Бар көз Қаратайға қадалып, өң менінен өтіп бара жатқанын сезіп тұрды. Дәл осы жерде жердің жарығы болса сүңгіп кетуге даяр. Ш.Айт. ~ Қасиетті ағайындықтың көзіне түспес үшін жердің жарығы болса, тіпті соған кіріп кеткеніміз де артық етпес еді, ал аталмыш ағайындықтың ендігі соңымыздан қуғын шығарып қойғанына да күмән жоқ. Серв. ~ Мұғалім бүлдірді, осы тұрғанда жердің жарығы болса күп беріп түсіп кетер ем. Бір грамм ой жоқ басымда, әңкі-тәңкімін. М.Қаб.