Жұт салдарынан, не басқа себеппен барынан айрылды, тақыр кедей болып қалды. ~ Жылқыны Доңыз солай қырып кетті, Жұмысын бітірді де жүріп кетті. Сан байлар жүген ұстап қала беріп, Сабасын керегеге іліп кетті. М.Дул. ~ Жалғыз біз емес, ол доңыз жұты бүкіл қазақ даласын ақ сүйек еткен атақты жұт. Қайда барсаң жүген ұстап қалған, көгенін жинап алған, қосы жығылған ауыл. С.Бег. ~ Ендi, мiне, жүген ұстап жаяу қалғаннан бергi тiрлiгi осы. Таң қылаң бере ырсиған кәрi тазыны ертiп күнде аңға шығады. Т.Сәу. ~ Сұрайтын несі бар? Кедей ауыл, қараңғы ауыл… Мыңғырған малы бір жұттан қалмай жүген-құрық ұстап қалған ауыл… Аш – ауру, пәс ауыл… Қайтеді?—деді. М.Қаб. ~ Жаздың өзі жабырқау күздей ғой. Күн райы солай болса, ел шырайы қалай ашылмақ. Бүркеу көңілдерді біз де молайтпайық. Қоныс өріске таласқан алашың болушы еді бұрын. Жұттан жұтаған жұртың жүген, құрық ұстап қалған соң жылдағыдай жайлау жағалауды азайтпады ма. С.См.
