Posted in

ЗАУАЛ ШАҚ

Жас ұлғайып, кәрілік таяған шақ. * Жастықта адамға төсек те, үй де, тiптi дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағына бейiмдеген сайын дүние кеңейе бередi екен. М.Әу. ~ Лабақ ахун жұрттың зәресін ұшырып Адам ұрпағының жер бетіндегі ұзақ тірлігінің зауал шағы — Ақырзаман туралы құдды көзбен көріп келгендей әңгіме шертті. С.Ел. ~ Жылдар өтіп жатады… Кемпірдің тәрбиесінде жүрген Қайыңбай он екі жасқа толады. Бойқа байғұс та қартайып, зауал шағына жақындайды. Қ.Жұм.

  1. Жан тапсырар шағы. ~ Әке, бұл батырдың басына зауал шақты мен тудырайын. Тек маған жеті күн, жеті түн мұрсат беріңіз. Жаныма мыстан шешемізді қосыңыз,— деді. А.Сей. * Рас болса, мына мелисалар баланы құзға лақтырған қаншелек Хасен деседі ғой, оның да зауал шағы алыс емес шығар, – десті ақсақалдар. К. Сег. * Алпыс бірінші жылғы жиырма жетінші маусым күні Кунцево ауруханасының ақ шапандылары операция столында сəскеде ұйықтатып, бесін ауа оята алмайтын сұмдық өкінішке қарай сүйреп əкетіп бара жатқан зауал шағында да Мұхтардың ойлағаны өзінің өлім халі емес, өзінен кейін қалып бара жатқан «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» өмір жайы, осы бір асау əрі момын, күшті əрі сорлы, мəрт əрі нəмəрт халықтың камы еді. М.Қаназ.
  2. Күн еңкейіп, көлеңке ұзарған уақыт. * Шаңқай түстен бастап зауал шаққа дейін соғысқан екі жақтан шығын да көп болды. С.См. * Осы апақ- сапақ зауал шақта Бойков арбасына қонды. С.Ом.