Posted in

ИНЕНІҢ КӨЗІНЕН ӨТКЕН (ӨТЕТІН, ӨТКЕНДЕЙ)

Жылпың қаққан пысықай, жылмаң төс, жылпос. ~ Өз басы иненің көзінен өткен пысықтардың «талантым бар» дегеніне сенбейді. Қ.Жұм. ~ Өнер адамдары да әрқилы, әсіресе осы күндері кімнің– кім екендігі қолмен қойғандай белгілі боп қалды ғой. Иненің көзінен өтетін жылпостар мен жағымпаздардың аяқ астынан жолдары бола кетеді қашаннан. Қ.Жиен.

  1. Не нәрсеге де епті, епсекті, пысық. ~ Молдаштың иненің көзінен өткендей пысықтығы Боранқұлды бұрыннан қызықтыратын. Ғ.Біл. ~ Сонда деймін, анау ақсақ мұғалімді алғаш рет көріп ем… Қол-аяғы балғадай, дені-басы сау, иненің көзінен өткен қылшылдаған дер шағы. Ақсақ болғаны кешегі соғыстың зардабы ғой. С.См. ~ Оның айтуы бойынша, мұндай өнер дүние жүзінде өте сирек кездесетін көрінеді. Өйткені аса ептілікті қажет ететін бұл өнерді кез келген адам игере алмайды екен. Тек ерекше қабілетті, иненің көзінен өткендей епсекті жанның ғана қолынан келеді-міс. Ә.Фай.
  2. Тартылған сымдай жинақы, жіп-жіңіщке, түп-түзу, көздің жауын алады. ~ Әлсін–әлсін қабырғасы сөгіле күрсініп, енді өзінің жат жердегі мұңын шағар жалғыз сырласы, жабыққанда аз да болса көңілін демдер таянышы мына иненің көзінен өткен сәйгүлік екенін ойлады. А.См. ~ Жылқының тұқымын жаңартып, өңшең бір жирен қасқа буданды бөлек ұстайтын да иненің көзінен өткендей сыптай сәйгүліктер жыл сайын бәйгенің алдын бермейтін. Қ.Ысқ. ~ Содан соң еңкейіп бір табалдырықтан аттады да иненің көзінен өткендей әдемі боз биенің қасына барды. И.Бун.