Әлденеден зәресі ұшып, көзі атыздай болды, үрейленді. ~ Ит көрген ешкі көзденіп, Елер ме жынды сөзденіп. Абай. ~ Ал мен айтсам, жазықтымын, сендер сүттен ақ, судан таза, менің пікірім былапыт, аузымнан “Құдай” деген сөз шығып кетуі мұң екен, ит көрген ешкі көзденіп шыға келдіңдер. Ә.Тар. ~ Бұған қарап сіздер Қазақстанға келіп жатқандарға ит көрген ешкі көзденудің жөні жоқ. Д.Әш. ~ Бұрынғыдай жоқтан өзгеге ит көрген ешкі көзденбей, салмақпен қарап, сабыр сақтауды үйренгендей еді. О.Бөк. ~ Қоңырау шалып, асығыс абдырап, дабдырап еніп келе жатқан Өтегенді көріп қуанбады, керісінше, кірпідей жиырылып, ит көрген теке көзденіп тесірейіп тұрып қалды. Д.Дос. ~ Ғабекең өзі айтқандай үндемей-түндемей Жазушылар Одағын тастап кетті. Одаққа емес, замандастарына ренжіп кеткен болар. Осының өзі-ақ тазалық һәм ішкі бір еркіндіктен туатын әрекет екен де. Әйтпесе, ол кезде мансапты қызметтен еркімен кету миға симайтын нәрсе еді. Ол кеткен соң бізге де кейбір ағаларымыз «ит көрген ешкі көзденіп» қарайтын болды. Қ.Ысқ.
