Posted in

ИТ ТАЛАҒАНДАЙ

Үсті-басы алым-жұлым, алқа-салқам; сау-тамтығы қалмаған, алба-жұлба. ~ Үстi-басы менiң үстiмнен де жаман, ит талағандай, шоқпыт-шоқпыт, – деп, Есбике әлi көзiнiң жасын тыя алмай отыр. М.Әу. ~ Екі көзі қанталап кетіпті. Аузынан ақ көбігі бұрқырап, қойға шапқан аш қасқырдай жалақтайды. Үстіне киген алабажақ ақ көйлегінің омырауы ит талағандай пара– пара. С.Ом. ~ … жыртықтарынан шошайып жүн шыққан жалба-жұлба сеңсең тымақ, үш құлақты жекей тымақ, өндері де жүдеу, көздерінде жалыныш пен үрей белгісі ғана бар ит талағандай өңкей аш-арық жігіттердің халі шын аянышты. С.Жүн.

  1. Әлем-тапырық, алай-дүлей. ~ Ұзын қара кісі мырс етті. Неге күлді? Ізге ме? Өзіне ме? Соның қайсысы болса да, Құдай біледі, бетіне шапқан тағы бір реніш жүрегін де өртеп кетті. Іші де ит талағандай алау-далау болар-ау? Ә.Нұрп. ~ Май тоңғысыз шуақ көзден бір-бір ұшты. Аспанның көкірегі аяқ астынан ит талағандай жұлмаланып шыға келді. Ә.Кек. ~ Ауылдан шыққалы көкірегі құрғыр ит талағандай, алау-далау: ойламайын десе де, ойынан Бәкизат шықпады. Ә.Нұрп.