Posted in

КЕБЕЖЕ ҚАРЫН, КЕҢ ҚҰРСАҚ

Тұлпар аттың ірілігінің сипаты. ~ Сансызбайдың ізімен Қаз мойын қара тұлпарға Енді басты тақымын. Қабандайын қорсылдап, Кебеже қарын, кең құрсақ, Еріне симай былқылдап, Найза-қылыш сартылдап, Тас түлек құстай шаңқылдап, Көбігі шықты бұрқылдап. “Қыз Жібек”. ~ Қысқа бақай, тар мықын, Кебеже қарын, кең құрсақ, Құлжа мойын төгерек, Ұмтыла шапқан Тарланым, Алты мыңдай кісі екен, Тіл жіберсең саған серт! Сен желігіп жүргенде, Таяна шапса маған серт! “Ер Тарғын”.

  1. Мол денелі, қоңды, тұлғалы. ~ Сағынам билерімді кең ақылды, Арамға жегізбейтін ақ-мақұлды. Құдай өзін туғызған іштен би ғып, Білмейтін төре айтқанда жат-жақынды. Кебеже қарын, кең құрсақ кемеңгерім, Сатулы емес ақыл жұртқа тегін. Талапкер мен жауапкер өзі іздеген, Алдына кеп бітуге сондай ерін. С.Тор. ~ Кебеже қарын, кең құрсақ, Артық туған Абылай, Көтере көр бұл істі. Көп қытайдың жылқысы Тұрымтайдай құнысты. Тәтіқара. ~ Әкең сенің Сырым-ды, Кебеже қарын, кең құрсақ, Іші толған білім-ді. Тек қазақ жұрты емес, Білгендей еді-ау Қытай менен Қырым-ды. ҚАӘ. ~ Алыстан келіп анайы, Үлгі, өнеге үйреніп, Білімге әркім байыды. Тұлғасы – тұлпар сияқты еді, Кебеже қарын, кең құрсақ, Жетпейтін тартса айылы. І.Тұр. ~ Мен тасбақа жеген қазақтарды көрдім. Өліп бара жатқан соң жемегенде қайтеді. Көктемде төбе-төбеге жайылып кеткен қазақтардың ішінен ондайларды кездестірдім. Дұрыс істеді деп ойлаймын, інім. «Оны жегенше аштан адам қалпыммен өлгенім жақсы» деп отырсың, ә, інім. Оның дұрыс емес және ол кебеже қарын, кең құрсақ кездегі сөз. Б.Қыд.