Posted in

КЕЖЕГЕСІ КЕЙІН (КЕРІ) ТАРТТЫ (КЕТТІ)

Алға баса алмады; қырсықты; мойны жар бермеді; жөн іске бет бұрмады. ~ Аяғын баспай, неден құты кетіп барады? Кемпірдің өлгені осыған батты ма? Кежегесі кейін тартып жүргісі келмейді ғой. Ол не ойлап келеді? Ж.Айм.
~ Ол бүгін жұмыс орнында кежегесі кейін тартып, жортақтап, ананы бір, мынаны бір сылтауратып, ұзақ отыра алмады. Ш.Құм. ~ Есiктегi басымызды төрге сүйрер аға болса, iнiлiкке жарайтын, кежегемдi кейiн тартып, кiдiрiс жасар кiсi мен емес! К.Сег. ~ Университет бітірген адам мұнан гөрі биіктеу қызметке жарайтын болар деп ойлаушы ем. Сөйтсек, оны бітіргендердің де кежегесі кейін кеткендері болады екен-ау, жорғалағанның бәрі ұша білмейді деген сөз осыдан кеп айтылған – ау, ә. Ә.Әл. ~ Келмей жатып кежегелері кейін тартқан кесірлерден шал аздап сескенейін деді. О.Сәрс. ~ …«білім онсыз да миымды шертіп лықылдап тұр, тағы қосылса, Эйнштейндікіндей қауашағымды жарып кетер» дегендей кегежем кері тартып, бармай қойғанмын. Т.Сәук.