Көкірек көтеріп, мақтанды, менменсіді. ~ Қазір «мен композитормын» деп, кеудесін керген азаматтар
толып жатыр. Композитор болу үшін тек қана талант емес, оның бойында арнайы білім де болуы керек.
К.Дүйс. * Сөйтіп
жүріп, өлі дүниесін оқырманға тықпалап, мен суреткермін ғой деп әлдеқандай болады, кеудесін кереді,
бастықтарды жағалап, сый-сияпат күтеді. Г.Бельг. * Әнеукүні ақсарайда бір министр: “Біз бақытты
кезеңде өмір сүріп отырмыз!” деп мақтанышпен кеудесін кергенде, анау ең үлкен кісінің өзі сеніңкіремеген
еді. Т.Сәу. * Әкеге тартып ұл тумас, дипломы бар деп кеудесін кергенмен Қазанғаптың тырнағына да
татымас боркемік болып шықты. Ш.Айт. * Боранқұл кеуде керіп шыққан соң аптығып тұрғандар су
сепкендей басылды ғой. Ғ.Біл. * Бүгінде қарсыластарының бәрін әр түрлі арам жолдармен, айлакерлікпен
жолдан тайдырып, алды-артын тазалаған соң, емін-еркін кеуде керіп сөйлейтін болып жүр. Б.Тоғ. *
Майсараға мағұрлана қарады. “Менің де кім екенімді көрдің ғой! ” дегендей кеуде керген түрі бар. С.См.
Бүкіл бойын билеп алған сезім хақында. ~ Кеудесi кендi шабыт пен Қонаққа ғана шөлдеген, Бұл қазақ бес күн
жалғанда Бiр-бiрiн жүзге бөлмеген. М.Рай. ~ Кеудені керді сағыныш, Сезін сен, мейлі сезінбе. Тұтқын боп
қалдым мәңгіге, Жанған бір отқа көзіңде. Г.Мүл. ~ Сенің мұңың білердей елес үнін, Кеуде керді сезімге отты
тілі. Көз жасыңды көрсеттің деме, Күнім, Оған себеп шылымның көк түтіні. А.Әм.
Дандайсып кетті, көкірек көтерді, мақтанды, менмендік танытты.~ Жігіттің кеудесін кергені – ақылының
жоқтығы. М-м. ~ Алдаш «Қыз Жібек» кинокартинасында жаудың бетін қалай қайтарғанын баяндайтын
Бекежан батырдай кеудесін кере ойынның қалай өрбігенін үш рет майын тамызып тұрып, әрі өзіне сүйсіне
әңгімелеп берді. Қ.Тіл. ~ Ұзын бойлы, мығым, шымыр денелі жігіт еді. Кеудесін керіп, шалқақ жүретін. Қазір
ол үстемдік, ондай айдын қалмаған. Ж.Сәм. ~ Амангерей Орынбаев ешкімге ұқсамайтын, ешқашан ешкімнің
үстінен шағым айтпайтын, дүниеқұмарлығы жоқ қыбыр еткен адам баласына жамандық тілеп көрмеген,
қолынан келіп тұрған шапағатты ешкімнен аямаған, ешуақытта еш жанға көкірегін керіп, кісімсіп
сөйлемеген, жан баласына қылдай қиянаты жоқ адам болыпты. Г.Сейіт.
