Posted in

КҮДІГІ СЕЙІЛДІ

Күмәні тарады. ~ “Келініміздің есі ауысып, шалықтама дертіне шалықты ма” деп қорқып жүрген Сәрсенбайдың күдігі сейіле бастаған. Ә.Тар. ~ Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен деген дүниежүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан. С.Дос. ~ Екі баласын екі жағына алып қаннен қаперсіз рахаттанып ұйықтап жатқан жалшысын көргенде не істерін білмей қалды. Үн-түнсіз білдіртпей үйден шығып кетті. Сонда да күдігі сейілер емес. “Қ.Е”. ~ Айшаның даусы Түйтенің құлағына бейіш үніндей боп естіліп еді. Кеудесін сықаған белгісіз күдігі сейіліп кетті де, бүкіл тұла бойында дуылдап лепірген сүйініштің, шадыман көңілдің шаттығының ыстық қаны тасып ала жөнелді. С.См.

КҮДІГІ ТАРҚАДЫ

Сезіктенуі бекер деп шешті. ~ … мына бір қуанышты дауыс көңіліндегі күдігін тарқатып жіберді. Ә.Нұрп. ~ «Ауданнан келген уәкіл ме?— Ол күдігі тез тарқады.— Директордың қара «Волгасы» тұрғанда уәкіл мұның шарқыш машинасын қайтсін». М.Қаб.