Posted in

КӨК ЖЕЛКЕДЕН ҰРДЫ

Дәл мойын сыртынан оқыс жасалған аяусыз соққы туралы. * Енді не де болса жанды қармайын деп, тақымындағы шоқпарына жабысты. Соны суыра беріп: «Әй, анау да көк желкеден ұрады-ау!» – деп жасқаншақтап келе жатыр еді. М.Әуез. * Сол сәтте екеуі де қолдарындағы қаруын қатар сілтеп, біреуі Дондағұлды көк желкеден ұрғанда, екіншісі қатты қайың таяқпен білек қарынан келістіре қайқайта соққан еді… М.Әуез. * Осы кезде қарулы милиционер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп есінен танып қалады. А.Байм. * Қалған екеуі тапырақтап қаша жөнеліп еді, біреуін қуып жетіп, көк желкеден ұрып құлатты. Т.Сәу. * — Есепті саған көрсетермін.— Келімсектің ығыса қоймағанын білген Шойқара келушінің желке жағына шығып алған жұқа сарыға ым қағады. Сырттан келгенді көк желкеден берді-ай келіп, ол. Б.Қыд. * Толыбай опынды. Алда, аңғал Бозым-ай! Шеттен тиіп, жеке-жеке түсіру керек еді. Алды-артын қамап алған соң, аңдыған біреу көк желкеден қондырады ғой… З.Шүк.