Posted in

КӨР АЗАБЫ (ҒАЗАБЫ)

Өлгеннен кейін күнаһар адамның көретін бейнеті (діни); жан төзгісіз қиындық, қорлық. ~ Бәрінің халі де мұсылман кітаптары суреттейтін мақшар күйіндей. Адамзат өлшеусіз ұзақ заман көр азабын шегіп жатып, ахірет күні кебіндерін жамылып, көлеңкедей қалт-құлт етіп бой көрсетеді деуші еді ғой. М.Әу. ~ «Егер тотия топырағын өлген адамның қабіріне сепсе, ол адам көр азабынан, мүңкір-нәңкір сұрағынан азат болады-мыс». Олардың қазіргі таласы сол топырақтан түскен ақша екен. Ж.Баб. ~ Қайғы жұтып, қан құсып, құса болған елім-ай. Көз жасыңды көргенше, естігенше азаңды, көр азабын тартсамшы… С.Дос. ~ Алиман екеуміз аш болсақ та тістеніп, сыр бермей, колхоздың жұмысына уақтылы барып күн өткізіп жаттық, ал енді балалы-шағалылар көр азабын тартып қиналды. Ш.Айт. ~ Жыласа наразы болып, налыса мәйіттің көр ғазабын ауырлатады! – деген сөздерді кірген-шыққан шақтарында халфелер әдейілеп айтады. М.Әу. ~ Сол топтағы басқа біреу, «әй, ол кәззапты көр азабына асықтырмаңдар, оған әлі уақыты бар, мынау пәнидің де азабын біраз татып кетсін де» деп дікеңдепті. Ұ.Дос.