Posted in

КӨШКЕ ЕРДІ (ІЛЕСТІ)

Біреулерге қосылды, артынан ерді, үлгі етті, дүрмектен қалмады. * Туған елдің көрікті көшіне ерген, Бір әулетпін қуатты өсіп-өнген. Р.Ниязб. ~ Баба жолы – көшке ерген, Қаншама ұрпақ өсті елден. Керегеге ілінген, Қамшыны сес көрген. Дүбір шықса іргеден, Болады ғой кім де елең. Қ.Адис. ~ Мақсаттары қолын бұлғап көш белден, Әуенменен жастық арман көшке ерген. Сол гитара сол арудың жігітін. Күтіп алып тұрды сосын әскерден. Ғ.Қож. ~ Жан емеспін ілби басып, көшке ерген, Кеудеңдегі бір отыңмын өшпеген. Туған өлкем, топырағыңнан нәр алар, Жап-жас қана шыбығыңмын өскелең. Қ.Бұғ.

КӨШКЕ ІЛЕСТІ

Көптен қалмады; жұртпен қатар тірлік қылды. * Соның алдында ғана басқа әйелмен әуейі болып кеткен әкеммен ажырасқан бойы екен. Бауырына құндақтағы мені қысып алыпты да көшке ілесіпті. Ү.Жәл. * Боранқұл ат-көлігін жинап жіберді де, Тарбағатай төсіне үдере көшті. Аяқтанбаған төл мен арық-тұрақтардың көшке ілесе алмағандарын түйеге артып алып, бір жетіде ел шетіне ілінген жерде Ханжігіт үйге келді. Ғ.Біл. * Апалақтап, мен де нұрлы көшке ілесейін деп сұп-суық сұрқай үйден атып шығып, Өмірге қарадым. Т.Сәук.