Шаттанды, жан сарайын қуаныш билеп, масайрады. ~ Жігіттердің бәрі мені көкке көтере мақтады. Бар күшіңді салып еңбек еткенде мақтап, арқаңа қаққанда көңілің көкке жеткендей болады екен, апа. С.Жүн. ~ Ел-жұрты елбіреп алдынан шыққанда, бай-бәйбіше қатты толқып, көңілдері көкке жеткендей болып еді. А.Сей. ~ “Жалғызда мейірім жоқ” деген сөздер бар. Жалғыз өскен баланы әке-шешесі әуектеді, әуектеткен баланың көңілі көкке жетеді, өзінен басқаны көзге ілмей үйренеді. Б.Нұрж.
КӨҢІЛІ КӨККЕ ӨРЛЕДІ (КӨТЕРІЛДІ)
Сол күннен бастап Лаураның жүрегінде бір ерекше сезім оянғандай болып, көңілі көкке өрлеп, құстай самғады. Ж.Салт. ~ “Өзек талдырған аштықтан ғана емес, еңсені езген кедейліктен құтыламын-ау” деген ой көңілін көкке өрлетеді. С.Дос. . * Бұл сөзді естігенде əрбір адамның жаны жадырап, көңілі көкке көтеріліп, даламыздың дарқандығы мен қадір-қасиеті санаға келеді. БАҚ
