Posted in

ҚАБАҒЫ АШЫЛМАДЫ

Ашуы тарқамады, көңілі қаяулы болды. ~ Неге екені белгісіз, Айгүл келін боп түскелі қабағы ашылмай қойды. Ә.Тар. ~ Әкесінің бірақ бұл жақта да қабағы ашылмады. Көп ашылып ешкіммен сөйлеспейді. Т.Сәу. ~ Бұлар үш күн жолда болды. Төртінші күні ілікті діттеген тұсқа. Дамылдауға уакыт тар еді. Шабандоз баланың да қабағы ашылмады. Жетімектің көкірегі күрсініске толып кетті. Ө.Кәр.

ҚАБАҒЫ БІР АШЫЛМАЙДЫ

Ренішті, мұңды, ашулы қалпын өзгертпейтін адам хақында. ~ Кейінгі кездері Бекбол мүлде түсініксіз боп барады. Күндіз қабағы бір ашылмайды, түнде де мазасыз. Ауық-ауық шошып оянып: «Кеп қалды! Әне, келді!» – деп үйді басына көтереді. Ө.Кәр. ~ Левитан ұзақ уақыт ашық, нұрлы суреттер сала алмай-ақ қойды. Холстары мұнарланып, күңгірт тартады да тұрады, бояуларының қабағы бір ашылмайды. Ол соларды бір жадыратып, күлдіре алмай-ақ кетті. К.Пау. ~ Кемпірдің өзі қазір нашар көреді, үй ішінің әр түрлі уақ-түйек шаруасын істеп тастау үшін, оған күн сайын көршісінің қызы Нюрка екі-үш рет жүгіріп келіп-кетіп жүреді, оның қабағы бір ашылмайтын, дүниенің бәріне наразы, шалыс мінезді қыз еді. К.Пау.