Posted in

ҚАБЫРҒАСЫ СӨГІЛДІ

Қатты қайғырды, уайым жеді. ~ Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деп халқына адал жүрегін ақ байрақ етті. Елім деп еңіреп, халқым деп қабырғасы сөгілді. Ж.Шәк. ~ Бәрі-бәрі де мұңсыз өмір сүре алады, ешқайсысының күні бұған қарап тұрған жоқ, кенет ғайып бола кетсе ешкім де мұның орнын жоқтамайды, қабырғасы сөгіліп қайғырмайды… Д.Иса. ~ Апақ-сапақ зауал шақта емес, бейсауат мезгіл, қаперсіз, қамсыз уақыт бордай езілді. Қабырғасы сөгіліп, өзегін өрт шалды, жігері құм болғаны – намысын шоқтай қарыды. Д.Аман. ~ Қойшы қанын ішіне тартып, баланы бауырына басқан күйі үнсіз отырды. Үнсіз отырса да, қабырғасы сөгіліп, қан жылап, қан сиіп егіліп отыр. О.Бөк.

  1. Ауа райы бұзылып, жаңбыр құйып берді. ~ Терезеге келдім жақын, көрдім жақын бұлттарды, кейбір бұлттар қабырғасы сөгіліп, төбесіне қызыл шатыр үйлердің төніп алып, төңкеріліп, емініп, адамдарға қарайтұғын секілді аласарып кеткендейін көрініп. К.Мырз. ~ Меңіреу қара түн, саңылаусыз қара аспан қабырғасы сөгіліп, қансырап жатқан қара жер аяусыз шарпыса шайнасып, әлем-ғапырық ақырзаменның азалы дабылын қаққандай. Ш.Айт.
  2. Жаны ашыды, жүрегі сыздады. ~ Қара қыздың қылығына Гауһар бір уақ іштей өртеніп, күйіп- піскенімен, оның мұң- зарына ортақ болатын кездері көп. Қабырғасы сөгіліп, жаны ашитын. Т.Рыс.
  3. Жанын салды. ~ Ауладағы бақтың түбі тобарсып кеуіп қалыпты. Күректі алып, қабырғасы сөгіліп – біраз қыбырлады. Д.Дос.