Posted in

ҚАЗАННЫҢ ҚҰЛАҒЫН ҰСТАДЫ

Әлдебір билікке, күнкөріске тиімді жұмысқа қолы жетті. ~ Өмірінде пәлен болсам деп арман етіп, шен қуып көрген жоқ-ты, алайда неге екенін кім білсін, дәп мына арада: «Қалада істеп жүре берсем ғой, ендігі мен де бір қазанның құлағын ұстаған болмас па едім, – деп досына сәл қызғаншақтық білдірді. С.Шайм. ~ Сонау жылдары таршылық кезде қазанға жалындатып арпа қуырып, тоңқаңдап келі түйіп жатушы еді ғой. Осы күні сол кәсіпке кайта оралыпты. Күнбе-күн ет, май, нан жейтіндер Нұрәлі, Жүніс, тәрізді бірлі-жарым қазан құлағын ұстағандар. Б.Соқ. ~ Байқаса, рудың ұпайын түгендеуші жыбырлақтар, шүкір, бар екен. Олар қай рулас ағасы қай қазанның құлағын ұстап отыр, астыртын мәлімет жинай жүреді. М.Қаб. ~ Паустовский айтады: “Ана тілін ұмытқан адам — Отанға аса қауіпті!” деп. Мен айтамын: “Сол аса қауіпті адамдардың қаншасы қазаққа тиесілі қара қазанның құлағын ұстап отыр?..” деп. И.Сап. ~ Қазанның құлағын ұстаған (баспа маңындағыларды айтам) бірен-сараны болмаса, мен білетін кезде көпке дейін шағын кітаптарының басын қосып қайта шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейтін еді. С.Им.