Сәбидің алғаш жүре бастауы туралы. ~ Бесікке байланған моншақты сылдырлатып ойнау, керегеден ұстап қаз-қаз тұру, тәй-тәй басып жүру… о да арман! Арманның бүрі ерте жарылып, ерте гүлдейді. Т.Бер. * Туған елдің ішінде, туған жердің төсінде қаз басып жүрген қуатым менің, қуанышым менің! Ғ.Біл.
- Ақырын, ептеп басып жүрді. ~ Ақырын-ақырын, қаз-қаз басып, жанына барып, құлағын қайырып, инені табақшаның шетіне жайлап қойып едім… Ш.Мұрт. ~ Мамам сырт айналды да, қаз-қаз басып, қызыл «Жигулиге» беттеді. Туфлиің кемеріне дейін құм қапқан мамам құмды жалаң аяқ кешіп бара жатқан секілді. М.Қаб.
- Жаңадан ұйымдасып, алғашқы қадам жасады. ~ Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Б.Тоғ. ~ Сонымен жұмысымды ептеп игеріп, қаз-қаз басып, қалтақ-құлтақ жүре бастағандай шаққа жеттім. Ә.Нұрш.
