Әлдебір мәселенің шын сырын көрсету мағынасында қолданылады. ~ Арқардың етін қой етінің орнына сатады,
арзан ет, шашлық етіп өткізсе, бағасы – сол! Міне, бұлардың сыры қайда жатыр!” Ә.Тар. ~ Сәмбеттің қайта-қайта оқталып, бірдеңе сұрамақ едім деп жүргені де осы шығар. Хайдар ғой: «Сәмбет Бақытты қорқытып үйленгелі отыр»,- деді. Міне, пәленің көкесі қайда жатыр. Шын сөз бе, анығына жетіп көр. С.Мұр. ~ Аз ба, көп пе адам баласының алпыс жыл жасауы?! Көзімді жұмып, өткеніме үңілсем, көп сияқты, көзімді ашып, алдымды болжасам, аз сияқты. Міне, қайда жатыр гәп… М.Қож.
- Осының өзі аз емес, осыған да шүкіршілік д.м. ~ Жұтқан жұтамайды. Малжанның көп малының ағынан күзге дейін ауыз тисек те қайда жатыр. Ішін ұрайынды, жаудың малын жауша шап деген, дұшпаннан түк тартсаң да олжа емес пе. С.Жүн. ~ “Жоқтан бар жақсы, қалай жазса да еске алып отырғанының өзі қайда жатыр?!” деп өзіңді қанша жұбатайын десең де, мақаланы” мазмұнына қарап мақсатын аңдап, авторының ындыны таза емес пе екен, деген ой тыншытпайды. C.Ақт.
