Шарасыздық сипаты. ~ Айтуар мең–зең қалпы, қайраңға шығып қалған балық секілді, ауа жетпей тұншыға жаздап жатып қалды. Д.Дос. ~ Адам шіркіндерді кінәлау да қиын. Еңсегей қайраңға шығып қалған шабақтайын шоршыды, амал нешік. М.Байғ. ~ Әйелінің мұндай күйзеліс халін Едіге өмірі көрген емес. Үкібала төзімді, есті әйел болатын. – Осының бәрі сенен! Сен кінәлі! – Неге? Неден кінәлімін? – деп Едіге қайраңға соққан балықтай есеңгіреп қалды. Ш.Айт. ~ Жанталасып бұлқынып, қайраңға шыққан балықша бүктетіліп аласұрған қасқырды шынжырлы азу жіберер емес. С.Жүн. ~ “Демек сонда бұл тау ауруы ғой… Иә, иә, сол” деген ой жылт ете түсті миында. Мана оттек баллонын ескерткішке қалдырғаннан бері қайраңға шыққан балықтай екі өкпесін қағып, ентіге берген. Н.Ақ.
ҚАЙРАҢҒА ШЫҚҚАН САЗАНДАЙ (ШОРТАНДАЙ)
Күш-қуатынан айрылып, шарасыз күйдегі адамның сипаты. ~ Қайраңға шыққан сазандай шалқалай түскен Кәмеш ауа жетпей алқынып тұншығып барады. С.Ғаб. ~ Қайраңға шығып қалған шортандай жансыз дене кенет, шоршып, еденге келiп тарс-тарс соғылады. Әлеуеттi күш оны тоқты-торымдай көрмей, көтерiп алып аяусыз бырш еткiзетiн сияқты. Ә.Ыб.
