Posted in

ҚАН СОНАР

Алғаш жауып, аппақ боп жатқан қар; бірінші жауған қар үстіндегі саят. ~ Жерімізде қыс түсіп, алғашқы қалың қарлы қан сонарда түлкі аунаған соң барып оның түгінің түбі бекиді. Әбд.Қайд. * Қосиманов өкілдікпен ел аралап жүріп, мұндай түлкілердің талайын-ақ қарға аунатып, ұмар-жұмар соғып алатын. Тіпті ұзақ сонарға түсіп қиналған күні де кемде-кем. Көбінесе «қан сонар» мен «келте сонардан» асырған жері жоқ. С.Жүн. ~ Қарашаның салқын кеші ертеңгі қан сонардан хабар бер- гендей сұстана томсарады. Ө.Кәр. ~ Қазы аңға жиі шығатын. Ұзақ сонар, келте сонар, қан сонар деп аталатын, жаңа қар жауған, түлкі қағуға қолайлы күндерді құр жібермейді. М.Мағ. * Не келген, не кеткен бірде-бір мал тұяғының ізі көрінбейді. Келіп қайтқан жалғыз жаяу адамның ізінен басқа қан сонардың беті тап-таза. Ж.Сәми. ~ Бүгін түнде қар жауды, — деді жасауыл. Ойына жыл сайын қан сонарда қасына Касар мергенді ертіп, аңға шығатын әдеті түсті. Ә.Кек. * Осы дүниеде, сірә, денесі тап осы қан сонардың қарындай аппақ әйел баласы бар ма екен? — деді. Ә.Кек. * Қан сонардың мамық мұнары да сейілмепті. Күн жылы. Ә.Кек.