Posted in

ӘР НӘРСЕНІҢ БАСЫН ШАТТЫ (БҰТЫП-ШАТТЫ)

Аузына келгенді айтып, тыңдаушысын зығыр қылды. ~ Түс мезгіл екі төбет тойып жатып, Кемпір наз өкпелерін қойып жатып, Ас үйдің алдындағы күншуақта, Сөйлесті әр нәрсенің басын шатып. А.Байт. ~ Молдалар шариғатқа обал дейді Бір үйде бой жеткен қыз жалғыз жатқан, — деген сияқты шілдеханада айтатын салдаман өлеңдер мен әр әннің басын шатып, соғып отыр. Ж.Айм. ~ Көңіл көзі ұйқыда, емін-еркін ессіз жатқан тірілер талай нәрсенің басын шатады, бірақ оянғаннан кейін соның көбін ұмытып қалады да, түстің есінде қалған жұрнағын ойына не келсе сонымен кездейсоқ жори салады. В.Расп. ~ Әр нәрсенің басын шатып сөйлеген, Шешен бе деп таңданам да кейде мен. Б.Қал. ~ Зергер Оралдың ысылмаған қаламы әр нәрсенің басын бұтып-шатып келіп, әлден уақытта құнарлы бір деректерге душар етті. Т.Әл.