Жан тәсілім болар сәт келді (жақындады). ~ … шексіз биліктің иесі болсаң да қашып құтыла алмайтын, ешкімнің әлі келмейтін бір құдырет бар. Ол сенің маңдайыңа жазылған ажал сағатының соққан күні. О.Көш. ~ Ал, өмiр елеңсiз ғана жемiрiлiп, мүжiлген үстiне мүжiледi. Бiр күнi бiреудiң болмаса бiреудiң ажал сағаты соғатыны ақиқат. Ә.Ыб. ~ Әрқайсысының да көз алдына қалың елдің қаптағалы тұрған жаулығы елестеп, енді ажал сағаты таянған сияқтанды. М.Әу. ~ Жан шіркін кімге де болса тәтті ғой. Сорлыға ажал сағатының төніп тұрғаны анық еді. Қ.Жұм.~ Айғырлығы ұстаған қалың әскер шешініп, шамдарын сөндіріп, жамбастары төсекке тиген кезде екі жақтың біріне өлім сағаты таяған еді. Ғ.Біл.
