Әлдебір мәселе төңірегінде өнбейтін дау тудырып, әуре-сарсаңға салды, ит ырғылжың қылды. ~ Жанымханның қолында балапанның басы, Жақыптың қолында сирағы, ары тарт, бері тартпен айғайласып тұр. Қ.Ысқ. ~Ауылға бір айыр болса да пішен апармай, кері оралмаймыз. Қазір тауды шыр айналып, анау шананың желкесінен түсеміз. Осы пікірге қосылам дегендерің қол көтеріңдер, – деп кесіп айтты Нұржан. ары тарт, бері тартпен ырылдасып тұра берсе, қыстың келте күні қазір– ақ батып кетер. О.Бөк. ~ Содан кейінгі оқиғаны ойша елестетер: «Пай–пай, дүрілдеп маздаған сексеуіл шоғындай жанып–ақ келе жатыр еді… ары тарт, бері тартпен жүріп қыршынынан қидық»,–деп декан ағайы қайғы жұтар. Д.Дос. ~ Отыкен!.. Тарихшылар ары тарт, бері тарт қып, қайда апарып қондырарын білмей сандалған Отыкен Алтайда, Қаратай елінде екен-ау! – дегенде барып жанарына жылт кірді. Көне тарихтың парағын ашқандай кәдімгідей толқып кетті
