Posted in

БЕТІ БЕРІ ҚАРАДЫ

а) Науқастың денсаулығы оңала бастады. Әлдебір ауыр дерттен айығып, сауыға бастады; түзеле бастады. ~ Алғашқы кезде түрiн көрiп «ендi бұл дүниелiк емес шығар» деп қауiптенген, шүкiр, мiне, бетi берi қарап келедi. Т.Сәук. ~ … қазір оның жағдайы бұрынғыдан жеңілдеп, беті бермен қарады дегенді айтады. О.Сәр. ~ Бұл дерт күн өткен сайын меңдей түспесе, беті бері қарайтын емес. Профессор Гейнцельманның шипалы деген шөптерінен ішпегені жоқ. Ә.Кек. ~ Емші көріп кеткен Мырқы мырза апта жатып, сорпаланып, беті бері қарады. Д.Дос. ~ — Мас емес едім ғой, ешқандай. Сыбағасын берген ғой дәуге қожайыным, олла-біллә! Қысқасы, істің беті бері қарады, графтығым да ұзамай қолыма тиіп қалар! М. Серв.~ Жәми ауруханада. Сәмет Жеңсікбай бақсыны үш күн үй тұтқынында ұстап, бұдан былай бұл жалған кәсіптен баз кешемін дегізіп, қолынан тілхат алып босатып қоя берген. Тоқсанбай қасына әйелін ертіп, Атбасарға барып қайтқан екен: «Қызының беті бері қарады, енді аз күнде құлан-таза сауығып шығады»,- деп, емші дәрігер жақсылық хабар айтыпты. С.Ом. ~ Бұған көнбеске Әлиде шара да жоқ еді. Аяушылық білмейтін адамның көңілі жібіп, беті бері қарағанын пайдаланып қалайын деген оймен ол кепілдік қағаз жазды… Б.Тоғ. ~ Бойы сүйсінбей азапқа төзген баласына араша болуға екіұдай болып іркілген ата-анасы да жандарын бір шүберекке түйіп, іс аяғын тосқан-ды. Баланың беті бері қарағанның орнына науқасы өршігендей қайта есінен танып, бар жұртты шошытты. З.Төл.

ә) Келісімге келді, райынан қайтты. Пиғыл-ниеті түзелді; райынан қайтты; ашуы тарқады; айтқанға көнді. ~ Заманның беті бері қарап, кешегі зардап шеккендерді ақтау жөнінде арашашылар табылып, олардың істері дәріптеле бастаған кезде, мұның да әні өзгеріп шыға келген. Т.Сәу. ~ Жарайды. Оның бәрін ертең таң атқан соң көрерміз. Ұйықтайық. – Жақанның жұмсарып, беті бері қарағанына мен одан бетер қуанышты едім. Б.Соқ. ~ Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында балық аулап, егін айдап отырған орыс поселкасы бар-тұғын. Қыстау, көктеулері іргелес Әбубәкір қажының ауылы сол поселкадағы беті бері қараған мұжықтармен қырық жылдан бері алыс-беріс жасайтын. Бұл мұжықтардың аталары Жетісу, Әулиеата, Шымкент, Ташкент жолымен қанды жорық жасап, осы өлкелерді орыс империясына қаратқан Черняев әскерінің солдаттары-тұғын. Б.Тоғ. ~ — … Асықпаңыз… ойыңыз пісе тұрсын… шыдаңыз… Өмір бойы өкініп жүрерсіз… әйтпесе… — деді қыз. Дауысында әзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уәдені көлитіп ең болмаса құшақтап, сүйіп бір шер тарқату керек. С.Ел. ~ Бұған көнбеске Әлиде шара да жоқ еді. Аяушылық білмейтін адамның көңілі жібіп, беті бері қарағанын пайдаланып қалайын деген оймен ол кепілдік қағаз жазды… Б.Тоғ.