Posted in

БЕТТІҢ АРЫН БЕЛБЕУГЕ (БЕЛГЕ) ТҮЙДІ

А) Ұят-аятпен санаспады. ~ Белбеуге түйіп алып беттің арын, Жазықсыз кекеп-шалды жұрттың бәрін. С.Тор. ~ Әне, беттің арын белбеуге түйіп, мемлекеттің байлығына белшесінен батып жүргендер не ұсталмайды, не сотталмайды, оларға бәрі кешірімді, бәрі жарасымды… түсінбеймін. О.Бөк. ~ Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. І.Ес. ~ Қай бетімен ол үйдің есігін ашады? Түр болса мынау, істеген қылығы анау. Жарайды, беттің арын белге түйіп, өз үйіне келген күнде Жаннат кіргізбей жүрсе не істейді? І.Ес. ~ Ордаға кім келмейді! Бейіл, берекесін бармағының астына бүккен елші-делдал, қоржын-қоржын күміс сапырған саудагер, найзасы шошайған әскер басы, беттің арын белбеуге түйген түрлі түсті жағымпаз, қошаметші; сәт сайын жүріс, мінез өзгертуге үйренген әйелдер, ақын-жырау, шапаны жаңа қыдырма, қылқиған қайыршы, кезбе, күйші, қу, өсекші, бақсы-құшынаш. Күллісінің аңдығаны ханның қас-қабағы, ауызындағы дуа, алдындағы ас. Ж.Нәж.
Ә) Тәуекелге бел буды. ~ Мен не де болса беттің арын белбеуге түйіп, ауылға бармақ болып шештім. Арада ай бойы жолға жиналдым. Ә.Асқ. ~ Сосын, бір реті келгенде, «беттің арын белбеуге түйіп» тұрып махаббат жариялап, қазіргі жастардың сөзімен айтқанда, сындырған ғой, Ниетқабыл ағай бастапқыда сеніңкіремеген бе, онша қатты жақындата қоймағанға ұқсайды. Қ.Шам.