Posted in

БИТІН СЫҒЫП, ҚАНЫН ЖАЛАДЫ

Жоқшылық, қу тақыр кедейлік туралы. ~ Аяқ жетер жерге шейін жүріп, жан бағатын жер
қарайды. Қайда болса да мынау битін сығып, қанын жалап отырған жерден аулағырақ жер
тауып, тағы да еңбексіз бақытын сынайды. Бәл­кім еңбексіз бақыт табыларда… І.Жанс. ~
Айтпағы-есте жоқ ерте заманда битін сығып, қанын жалаған орыстың бір топ қаншырқұрсақ
қашқыны шығысты бетке алып, сандалып кетеді ғой. К.Әбдір. ~ Өзім үшін өтірік айтып
қойдым, кешіре гөр Алла! Битін сығып, қанын жалаған кедейдің баласы едім…» – деп
күбірледім мен. М.Шер. ~ Сен қуаттап отырсың, әттең енді бес-алты жылдан соң битін
сығып, қанын жалап аш-жалаңаш отырғандарын қайта айналып келіп көрер ме едім. О.Бөк.
~ Бұрылмаймыз ба? – дейді ауданнан келген уәкіл. – Бұл байғұс битін сығып, қанын жалап
отырған қу кедей, – деп ауылсовет бұрылмайды. Ш.Мұр. ~ – Кәйт-мәйт деп, онда бар
ендеше, Малжанның астына кір. О несі-ей. Еркек емессіңдер. Битін сығып, қанын
жалағаннан басқа сендерден не күтуге болады. С.Жүн. ~ Битін сығып, қанын жалаған
отырықшыларға ауыздығын қарш-қарш шайнаған арғымақтарды ойқастата мініп, қатын
құсап жалаңбұт жүрмей, ши борбайына шалбар киіп, шірене шырт түкіруді кім үйретті!?
Ә.Мекеш.