Posted in

БІРЕУДІҢ ҚОЛЫМЕН ОТ КӨСЕУ

Өзінің арам ойын біреу арқылы жүзеге асыру. * “Мүмкін, – деді әкей ойланып барып, – әлгі өкіметті басып алған балшабектер сол тегі бөлек дию-перінің қолымен от көсеп отыр ма… Жаманатқа шығарып, бар шаруасын түгендейді, содан соң кешегі Мекалай сияқты тақтан құлатып, өздерінің біреуін қояды. Тек… әбден күшейтіп алып, тізгіндеуге шамалары жетпей жүрмесе…” М.Мағ. * – Қайдам, апайдың қолымен от көсеп жүрмесе… – деді мына әңгіме өрби бастаған кезде кетіп қалған Жапарды еске алып. М.Қаб. * Қазақ болса, бармағы iшке бүгiлер, орыс болса, тiс батырды деген дауға қалармыз, одан да ара ағайынның қолымен от көсейiк деген есеп пе, тергеушiсi Аллахвердиев деген әзербайжан жiгiтi екен. Т.Сәук. ~ Көбен Ақкөлді басып алған алашапқынға қатысқан жоқ. Жігіттерін жіберіп, өзі жар астында бұғып қалды. Біреудің қолымен от көсеп, өзін өрттен аман сақтаудың айласын бұ да біліп алған. Б.Тоғ.