Posted in

БОЙ (БОЙЫН) БЕРМЕДІ

А) Ырыққа көнбеді, жеңіле қоймады, күш танытты; өз пікірінен, ниетінен, сөзінен қайтпай, тұрып алды. ~ Е, жолдас не жазып отырсың? – деді. Сасып қалдым. Əйтсе де сыр білдіргім келмеді. Жөпшенді кісіге өзім де бой бермейтін жігітпін. Ж.Айм. ~ Манауранып, көзге ұйқы тығыла бастады. Бой бермеймін; қалғып бара жатсам, көзімді ашып аламын. Ж.Айм. ~ Ой, ғажап-ай Бұндай да ғажап уақиға болады екен-ау! Дәрігер не ем істесе де бой бермеген жара еді. Ешқандай ем-домсыз өзінен-өзі жазылған. Б.Соқ. ~ Табан асты бойымды түршiгiп, жанымды мылқау қорқыныш, қандай әрекет жасасам да жеңiлмейтiн, бой бермейтiн нағыз үрей жайласын. Ж.Шағ.

Ә) Жылы қабақ танытпады, илікпеді. ~ Бейсембі. Әбділдәнің кісі алғыштығы, бауырына тартып, үйір қылып әкеткіштігі бар-ақ. Бірақ шіркіннің бір жаманы ет-бауыры елжіреп, біреуді туысқан, біреуді дос деп, әсте бойын бере білмейді ғой. Қандай айнымайды-ау деген дос болсын, әуелі бір бәлеге сүңгітіп алып, оны өзі айырып алған кісі болып, досының мойнына есептеп ұпай салады. Сөйтіп жалынышты қылып алады ғой. М.Әу. ~ Күдігі — әлі де бойын бермей, түсін суыққа салып, бұдан қашып жүрген сұлу қыз бүгінгі кеште бұны біржолата түңілтіп, шалын мақтан етіп, бұған қыр көрсете ме деген ескі сенімсіздік. М.Әу.