Posted in

БОЙ ТҮЗЕДІ

а) Сәнденді, әдеміленді, тәуір киінді. ~ Биғанша Жұматайға он төрт жасында күйеуге шықты. Жиырмаға келгенше бой түзеу, қатарға кіріп адам болу дегенді ескерген жоқ. Б.Майл. ~ Тау орманы да балауса жапырақ жамылған. Кеудесін кере аспанға қарай созылып, бой түзеп тұрған сияқты. Ә.Шәр. ~ Сәрсебектің жолдастары ондай емес, бой түзеу жағына келгенде шетінен сақа болып қалған жігіттер. Б.Соқп.
ә) Есейді, буыны бекіді, ер жетті, бой көтерді. ~ Есіл ер-азаматтар-ай десеңші… Шыбықтан өскен бәйтеректей жаңа бой түзеп келе жатқанда… Жалмады ғой қу соғыс, жалмады! Б.Тоғ. ~ Екі жыл болды көрмегелі, содан бері қалай тамаша өскен, бойын түзеп, салмақты дәрігер болған! З.Шаш.
б) Белгілі бір бағытқа бет алды; алдына мақсат қойды. ~ Кез келген жанмен дос бола алмайсың. Достық – өмір жолында шыңдалып, бір бағыт, бір мақсатқа ғана бой түзеген адамдардың түйісу нүктесі. Ә.Ысқ.
в) Жоғары көтерілді, бойын тіктеді. ~ Ат үстінен қамшы сермеп сөз айтып тұрған Шалабайды еңді таныдым… Орнымнан әрең түрегеліп, бой түзегенімді көрсе керек, атты жігіттің біреуі бері қарай шапты. Б.Тоғ. ~ Темір жолға дейін жолсызбен жүрдік. Қураған шырыштың сояуын, сиырқұйрықтың сабағын арба басып өткенде, қайбірі қайтадан бой түзеп, бізбен қоштасқандай тербеліп тұрады. Ш.Мұр.