а) Басы жалпақ аяқ киім. ~ Ит жалаң етіп сақшыға бір қарады да, оң аяғын көтеріп, бұзау тұмсық қара бәтеңкенің тұмсығына саңғытып жіберді. Қ.Түм. ~ Ышқына бір жұлқынып, темір құрсауынан босана бердім де, бұзау тұмсық бәтеңкемен теппек болып, аяғымды серең еткізіп сілтей бергенім сол еді, мысықша атылып келіп аяқтан ала түссін. К.Сег. ~ Халел кірген соң басын көтеріп, бұзау тұмсық етігінің жұлығына қарап, түнере түсіп отырды. С.Жүн.
ә) Танауы қолапаштау, жалпақ келген адам. ~ Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық ұрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен. І.Ес. ~ Гүлнұр жауап беріп үлгерген жоқ, әудем жерде келе жатқан бұзау мұрын, бұжыр бет жігіт бұларға жақындай бере: — Қап бәлем, Қапалбаев, қолға түстің бе? Сені де көретін күн бар екен ғой, – деп сампылдай сөйлеп. С.Досан.
