Posted in

ЖАЙЫ ЖОҚ

А) Жағдайы келмейді, шамасы жоқ. ~ Жоңғардың Қытайға күш–қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. І.Ес.
~ Ұйықтағанның өзінде дымқыл мен суықтан қалш– қалш етеді. Орган оны аяп кетсе де, жәрдемдесер жайы жоқ. Түнгі сұмдықтан есеңгіреп қалған шал бурыл басы төсіне салбырап, қайықтың артында қалжырап отыр. Ш.Айт.
Ә) Көңіл-қошы жоқ, ынталы емес. ~ Істің беті қалай бұрылса да, ақы иесі Төртуыл кісілерінің өзі шешсін. Оған бола Таңғыттың аймақ әміршісі Матен– амбымен түс шәйісіп, араздасатын жайы жоқ. Қ.Жұм. ~ Енді қартайғанда совхоз мүлкіне қол сұғып, сақалына шіркеу тигізер жайы жоқ. Ә.Асқ. ~ Құрсағындағы бала аманатқа қойылған зат сияқты. Сол аманаттан құтылған күні қайтадан бостандыққа ұмтылады. Оған қашанда өз басы қымбат. Сен үшін азап тартар, құрбандыққа барар жайы жоқ. Қ.Жұм.

Б) Әлдебір іске барар түрі, сыңайы байқалмайды. ~ Қымызды да салғырт отырып, самарқау ішіседі. Асығар жайы жоқ, уақытты үнсіз ұтқан сыңайлары бар сияқты. Кешегі даурықпа сөз, дабыра мінездің бірі де жоқ. Б.Мом.